«Жасыл челлендж» шарасы Маңғыстау облысында
2022 жылдың 21-23 қыркүйегі аралығында Қазақстанның экологиялық қоры ағаш отырғызу бойынша «Green challenge» республикалық шарасын ұйымдастырады. Ағаш отырғызу «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасы аясында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өтеді.
Аталған челлендж Жеңіс күні қарсаңында Астана қаласының №43 қосымша білім беру мектеп орталығы алаңында бастау алған болатын.
Эстафета Маңғыстау облысына беріліп, ол облыстың Қарақия ауданы, Құрық ауылындағы №1, №6 және №11 жалпы білім беру мектептерінің аумағында ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Челенджге Қарақия ауданының әкімшілігі мен білім басқармасы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, экологтар, мектеп оқушылары мен жастар және т.б. табиғат жанашырлары қатысады.
Осы жолғы челлендж 17 қыркүйек күні өткен «World Clean-up Day 2022» бүкіләлемдік тазалық шарасы аясында ұйымдастырылуда.