Игі іс жалғасын тапты

Қазақстанның экологиялық қоғамдық қоры елді мекендерде ағаш отырғызу бойынша Республикалық «Green challenge» челленджі Астана қаласы мектептерінен басту алып, енді Маңғыстау облысына өтті. Осы игі шара үстіміздегі жылдың 21-23 кыркүйегі аралығында Қарақия ауданының №11, №6, №1 жалпы білім беретін мектептерінде жалғасты.

2022 жылдың 23 қыркүйегі күні №1 жалпы білім беретін мектепте өткен осындай мәні терең шараға аудан әкімінің орынбасары М. Төлегенов, Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының президенті Айгүл Қадесқызы Абдуалиева, Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалиқызы, Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағының директоры Ақжүніс Алтайқызы Иманбаева, Құрық ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Келдібек Мырзатаев және мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Игі шара кезінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары М. Төлегенов «Жасыл ел» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған бұл шараның маңыздылығына тоқталып, ауылды көгалдандыруға шақырса, Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының президенті Айгүл Қадесқызы Абдуалиева қазіргі экологиялық жағдайларға байланысты елді мекендерді көгалдандыру бойынша өздері тарапынан атқарылып жатқан істер жөнінде айтып өтті. Одан соң сөз алған Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалиқызы аудан мектептері бойынша осы іс-шаралардың көтеріңкі көңіл-күймен атқарылып жатқанын айта келіп, бүгінгі шараның да сәтті өтуіне тілектестік білдірсе, Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағының директоры, осы мектептің түлегі Ақжүніс Алтайқызы Иманбаева ағаш отырғызудың пайдасы жөнінде айта келіп, жас ұрпақты экологиялық тазалыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Ол сонымен қатар, мектеп ұжымына арнайы кітаптарды сыйға тартты әрі ботаника бағынан Маңғыстау түбегіне икемделген ағаш көшеттерін әкеліп, сыйға тартты. Осыдан кейін шығып сөйлегендер Құрық ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Келдібек Мырзатаев пен ардагер ұстаз Садуақас Абдынасырұлы игі бастамаға сәттілік тіледі.

Осы шарада мектеп директоры: Оразбай Бердіханұлы да сөз алып, келген қонақтарға рахметін айта отырып, мұндай игі шаралар жыл сайын мектептің танымал түлектері келгенде және наурыз айында осындай ағаш отырғызу дәстүрі жалғасып келе жатқанын, бүгінде тіпті мектеп ауласында ағаш отырғызатын бос жерлердің де қалмағанын айта келіп, мектеп директоры Қазақстанның экологиялық қоғамдық қорының президенті Айгүл Қадесқызына алғысын білдіре отырып, бір түп ағаш көшетін ұсынып, челленджді жалғастыруды Павлодар облысына жолдайтыннын айтты.

Игі шара соңы мектеп ауласына келген қонақтар мен ардагерлер жас көшеттер отырғызу рәсімімен жалғасты. Рәсімде әжелер «ақ мол болсын, жеріміз шүйгінді болсын» деген ақ тілекпен, жас көшеттер түбіне ақ тамызды.

Мектепте өткен бұл игі шара жоғары деңгейде өтті. Шара барысында мектеп оқушылары флешмоп биледі, филология ғылымының магистрі Гүлайым Қожантайқызы Тілеулинованың орындауында «Ауылым», «Армандастар» әндерін, мектеп ұстазы Меруерт Аринова мен қызметкер Айхан Олжабаев «Қарақиям-ай» әнін, 4-сынып оқушысы Акимова Сабина «Тәуелсіз елдің қызымын» әндерін нақышына келтіре орындады.